Қазақстанда сапалы автомобиль жолдарының үлесін 60 пайызға жеткізу көзделеді - АЭФ

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда сапалы автомобиль жолдарының үлесін 60 пайызға жеткізу көзделеді. Бүгін VI Астана экономикалық форумы аясында көлік бағыттары мен логистикалық орталықтарды дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру және халықаралық ынтымақтастықты қалыптастыру мәселелері талқыланған панельдік сессия барысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.

Қазақстанда сапалы  автомобиль жолдарының үлесін 60 пайызға жеткізу көзделеді - АЭФ

Жиын барысында министр «Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамыту» туралы әзірленіп жатқан бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталған болатын. Оның айтуынша, бағдарламаны іске асыру аясында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының көлемін 2 есеге арттыру, сапасы жақсы автомобиль жолдарының үлесін 60 пайызға жеткізу көзделеді. Сонымен қатар, Қытай тарапынан 10 млн. тоннаға дейін қосымша транзиттік жүк тасымалы ағынын тарту жоспарланады. «Бұл өз кезегінде, Қазақстанның әлемдік көліктік-логистика жүйесімен ықпалдасуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, көлікте қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігінің артуына мүмкіндік береді» дейді министр А. Жұмағалиев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының «Орталық - Оңтүстік», «Орталық - Шығыс», «Орталық - Батыс» бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 2013 жылы Астана - Алматы, Астана - Ақтау, Астана - Өскемен арасында заманауи автомобиль жолдарының құрылысын бастау жоспарланған.