Қазақстанда сараптамалық ұйымдардың альянсы құрылды

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда бір топ қоғамдық ұйымдардың жетекшілері баспасөз мәслихатын өткізіп, Сараптамалық ұйымдардың альянсын (СҰА) құрғандарын мәлімдеді,

Қазақстанда сараптамалық ұйымдардың альянсы құрылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа альянсқа Тәуекелділікті бағалау тобы, «Мәдени қор» ҚБ, «Алтьтернатива» өзекті мәселелерді зерттеу орталығы, Орталық Азиялық экономикалық зерттеу институты, Демократияны дамытудың Орталық Азиялық қоры, Қазақстандық саяси-гуманитарлық коньюктураны зерттеу орталығы, Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы кірген.

Тәуекелділікті бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың айтуынша, альянсты құру бастамасы Алматыда өткен саясаттанушылардың 2-ші конгресінде көтерілген болатын. «Бүгін тарихи оқиға. Тұңғыш рет еліміздің сараптамалық нарығын дамыту бағытында түрлі ұйымдар бірігіп отыр. Альянс кейбір саяси топтардың ұстанымы бойынша жұмыс істемейді. Алайда қоғамдық сараптаманың біріккен ұстанымын ұсына алады», дейді Д.Сәтпаев.

Оның айтуынша, альянс жұмысының бастамасы ретінде биылғы жылдың соңына таман Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жылдық есеп дайындалып, жарыққа шығатын болады. Бұнымен қатар бірқатар арнайы веб-портал ашу, саясаттану туралы энциклопедия шығару да қолға алынбақ. Альянс мүшелерінің айтуынша, арнайы мағлұмдама дайындалған. Бұл альянс жұмысына бағыт-бағдар беруші негізгі құжат болып табылады.