Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда сауда саласына инвестициялар 22,3%-ға өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сауда саласына және онымен байланысты бағыттарға инвестиция тартудың оң динамикасы сақталып отыр. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 637,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға өсті, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.

инвестиция
Фото: Midjourney

Оң динамика бірқатар өңірде байқалады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында, Қостанай, Абай, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында өсімнің жоғары қарқыны тіркелді.

Алматы инвестициялық белсенділіктің ірі орталықтарының бірі болып қала береді. Жеті айда қалаға 204,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Түркістан облысында да инвестиция көлемі айтарлықтай болып, 88,7 млрд теңгені құрады.

– Инвестициялардың экономикалық қызмет түрлері бойынша құрылымында ең үлкен үлес көтерме және бөлшек саудаға тиесілі – 246,6 млрд теңге. Іргелес бағыттар бойынша да қомақты инвестициялар қаржы және сақтандыру қызметіне, жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқаруға, сондай-ақ ғимараттарға қызмет көрсету мен аумақтарды абаттандыруға бағытталуда, – делінген министрлік мәліметінде.

Оң динамика іскерлік белсенділіктің артып, сауда саласының инвестициялық базасының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Жаңа инвестициялар сауда инфрақұрылымын дамытуға, сауданың заманауи форматтарын кеңейтуге және кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталып отыр.

Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп инвестициялар тарту, жобаларды сүйемелдеу және заманауи сауда инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Атырауда 1 млрд теңгелік инвестициялық жобаны іске асыруға заңсыз кедергі жасалған.