Қазақстанда саяси реформалардың табиғаты да өзгеріп келе жатыр — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық кеңесінің құрылуымен және алдағы мәслихат сайлауымен еліміздің саяси жүйесін қайта жаңғыртуға бағытталған үлкен реформалар циклі өзінің маңызды бір кезеңін аяқтап келеді. Бұл туралы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасылық саясат бөлімінің басшысы Ақнұр Иманқұл пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл бір күнде келген өзгеріс емес. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан басталған бағыт біртіндеп сайлау жүйесінің өзгеруіне, жаңа Конституцияның қабылдануына, Құрылтай мен Вице-президент институтының құрылуына, Қазақстан Халық кеңесінің қалыптасуына ұласты. Мұның барлығы саяси жүйені жаңа логикаға көшіруге бағытталған сабақтас процесс.
Сарапшының айтуынша, әлеуметтанушы ретінде оны Қазақстан Халық кеңесінің тек институционалдық мәртебесі ғана емес, оның құрамы да қызықтырады.
— Кеңес 126 мүшеден тұрады және оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам ұйымдарының, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енгізілген. Пьер Бурдьенің тілімен айтсақ, мұндай кеңістікте тек саяси капитал ғана емес, әлеуметтік, мәдени және символдық капиталдың үйлесуі маңызды адамның қоғамдағы байланыстары, кәсіби білімі, жинаған беделі және оған деген сенім жаңа институттың ықпалына әсер етеді. Сондықтан Қазақстан Халық кеңесі үшін ең маңызды мәселе танымал немесе тәжірибелі адамдардың бір жерде жиналуы ғана емес, сол әртүрлі капиталды қоғамның нақты сұранысын мемлекеттік шешімдер деңгейіне жеткізетін ресурсқа айналдыра алу, — деп түсіндірді маман.
Сонымен қатар спикердің пікірінше, өкілдік мәселесінде формалды және мазмұнды өкілдік бір ұғым емес. Атап айтқанда, белгілі бір топтың өкілі Кеңесте отырғаны сол топтың дауысы автоматты түрде естілді дегенді білдірмейді. Нақты тиімділік мүшелердің өз әлеуметтік ортасымен кері байланыс орната алуына, қоғамдық мәселені дұрыс артикуляциялауына байланысты болады. Жаңа институттың күші оның формалды мәртебесінде ғана емес, қоғам мен мемлекет арасында нақты байланыс құра алуында.
Сарапшының айтуынша, алдағы мәслихат сайлауы осы реформалардың жергілікті деңгейдегі маңызды кезеңіне айналады.
— Қоғам мемлекетті, ең алдымен, орталық биліктің құрылымы арқылы емес, өзінің күнделікті өміріндегі мәселелер арқылы сезінеді. Мәселен, жол, мектеп, емхана, тұрғын үй, жұмыс, әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, қауіпсіздік мәселелерінің шешілуі. Сондықтан саяси реформалардың нақты нәтижесі өңірлерде сезілмесе, орталық деңгейдегі институционалдық өзгерістердің қоғамдық әсері де шектеулі болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, мәслихаттар формалды өкілді органнан қоғам мен жергілікті атқарушы билік арасындағы нақты байланыс институтына айналуы тиіс, — деп атап өтті ол.
Сарапшы елдегі саяси реформалардың табиғаты да өзгеріп келе жатқанын жеткізді.
— Бұған дейін негізгі мәселе «қандай жаңа институттар құрылады?» деген сұрақ болса, ендігі кезеңде «сол институттар қалай жұмыс істейді?» деген сұрақ алдыңғы орынға шығады. Институтты заңмен құруға болады, бірақ оған қоғамның сенімін заңмен бекіту мүмкін емес. Өкілеттікті Конституциямен белгілеуге болады, бірақ кәсібилік, бедел, кері байланыс пен қоғамдық сенім күнделікті жұмыс барысында қалыптасады, — деді Ақнұр Иманқұл.
Қорытындылай келе, сарапшы бірнеше жыл ішінде жаңа саяси архитектура қалыптасқанын, ендігі міндет сол архитектураны қоғамға нақты нәтиже беретін жүйеге айналдыру екенін атап өтті.
Бұған дейін Президент Халық кеңесі мүшелеріне мәселені көтере отырып, шешімін де ұсыну қажет екенін айтқан еді.