Қазақстанда сайлауалды жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілді - Малайзия делегациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сайлауалды жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілді. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен кездескен Малайзия Сайлау комиссиясының төрағасы Абдул Азиз бин Мохд Юсоф осылай деді.
«Біз бірқатар сайлау учаскесінде болып, жұмыстарымен таныстық. Біздерге алғашқы нәтижелері де айқын. Яғни, сайлауалды жұмыстар өте жоғары деңгейде жүргізілген. Сіздерге шақыру жібергендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз әрі Қазақстанға осы сайлауда табыстар тілейміз», - деді Абдул Азиз бин Мохд Юсоф.
Өз кезегінде ҚР ОСК Төрағасы малайзиялық тарапқа байқаушы ретінде келгендері үшін ризашылығын білдіріп, сайлаудың жоғары деңгейде, әділ өтетіндігіне сендірді.
«Біз сіздердің күткен нәтижелеріңізді толығымен ақтайтын боламыз. Жалпы, сайлау лайықты деңгейде өтетін болады», - деді Қ.Тұрғанқұлов.