Қазақстанда сайлауға азаматтардың қатысуын міндеттеу қарастырылып жатыр ма

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда сайлау мен референдумдарда азаматтардың қатысуын міндеттеу қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлім етті.

Ақтөбеде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтіп жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасында қазақстандықтардың дауыс беруін талап ететін норма жазылмаған. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы да мұндай өзгерістерге бастамашылық жасауды жоспарлап отырған жоқ.

Ш. Өтемісовтің айтуынша, Қазақстанда сайлау кезінде жастардың белсенділігінің төмендеуі проблемасы бар.

Сонымен қатар ОСК хатшысы сайлау науқанында дауыс берушілердің көптеп тартылуына не әсер ететінін атап өтті.

— Құрылтайға қатысты сайлауды айтатын болсақ, бұл ретте саяси партиялар ерекше назарда болады. Олар сайлау науқанын қаншалықты белсенді өткізсе, сайлау күні дауыс берушілердің келуі соншалықты артуы мүмкін, - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Мұнымен қоса, Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.