Қазақстанда сайлауға келушілер легі әлемнің барлық елдерінен асып түсті - ҚХР бақылаушысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің сайлауы заңнамаға және жалпы қабылданған нормаларға сәйкес ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Президенті сайлауын бақылау үшін Қытайдан келген делегация мүшесі Фэньлинь Ли мәлімдеді.
«Көптеген кездесулер өткіздік. Бізде Орталық сайлау комиссиясы тыңғылықты дайындалған екен деген әсер қалыптасты. Сайлау ұйымшылдықпен, тыныш өтті. Сайлаушылардың белсенділігіне қуандық. Халық ұзын-сонар кезекке тұрып дауыс берді, бұл деген тамаша», - деді Қытай байқаушысы.
«Қазір сайлаудың алдын ала нәтижесі хабарланды. Сайлаушылардың қатысу пайызы барша елдерден асып түсетін жоғары көрсеткішті көрсетті. Бұл қуанарлық жағдай. Сондықтан біздің делегация сайлауды Конституцияға, сайлау туралы заңға және жалпы қабылданған халықаралық қағидаттарға сәйкес өтті деп санайды. Сайлау заңды, демократиялық, ашық әрі әділ өтті», - деп атап өтті Ф. Ли.