Қазақстанда сенім телефоны арқылы 100-ден аса суицидке тосқауыл қойылған
Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева мәлім етті. Жиынға балалар және жастар ұйымының басшылары мен мүшелері, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Орталық Азиядағы PRI Халықаралық түрме реформасының өңірлік өкілдігінің өкілдері қатысты.
«Қазіргі таңда балалар 111 нөмірі арқылы көмек алуға жүгінсе, олардың пікірін, мәселелерін тыңдау үшін, қиындықтарын білу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Өйткені қазіргі заманда балалардың көптеген қиындықтары мен талаптары бар. Кейбір кездерде олар өмірдің өзі туындатқан сұрақтарға жауап таба алмай қиналады. Қазір біз оларға кез келген күндізгі және түнгі уақытты хабарласуы үшін барлық жағдайды жасадық», - дейді Зағипа Балиева.
Оның айтуынша, сенім телефоны қызмет атқара бастағаннан бері 2016 жылдың қараша айынан бастап 2 миллионға жуық қоңырау келіп түскен. 5 мың балаға жедел көмек көрсетіліп, оның ішінде 1 737 өтініш бойынша психологиялық көмек, 473 жағдай бойынша заңгерлік көмек көрсетілген. Сенім телефонының арқасында 103 суицид жағдайы, балаларға қатігездік көрсетудің 42 жағдайына тосқауыл қойылған. Сонымен бірге, ересектер тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 7 балаға психологиялық көмек берілген.