Қазақстанда шахматтан оқушылардың әлем чемпионаты өтуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан шахмат федерациясы ФИДЕ-мен бірлесіп шахматтан оқушылар арасында командалық жарыс өткізу жағын талқылап жатыр. Оқушылар арасында әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігі де қарастырылмақ. Бұл туралы федерацияның бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің федерацияның аудиториясы әртүрлі. Оның ішінде кәсіби және әуесқой шахматшылар да бар. Өз кезегімізде барлық шахмат аудиториясын қамтуға тырысамыз. Осы орайда, мектеп оқушыларына арналған бастамамыз бар. Нақтырақ айтқанда, қазір ФИДЕ-мен бірге шахматтан оқушылар арасында командалық жарыс өткізу жағын талқылап жатырмыз. Аталған шараны биыл жаһандық деңгейде ұйымдастырмақпыз. Сондай-ақ, шахматтан оқушылар арасында әлем чемпионаты өтуі де мүмкін», - деді Дәрмен Сәдуақасов орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, спикер шахматтан студенттер арасында лига ұйымдастыру жағын сөз етті.
«Сонымен қатар, өткен жылы шахматтан корпоративтік турнир өткізуді қолға алдық. Былтыр алғаш ұйымдастырылған турнирге түрлі ұйым қатысты. Әрине, әуесқой шахматшыларды да естен шығармаймыз. Осылайша, елімізде шахмат ойынын жетілдіріп, оған қызығушылардың санын арттыра түспекпіз», - дейді ол.