Қазақстанда Шамиль Аляутдинов сияқты дінтанушылар бар ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бақытжан Күлекеевтің айтуынша, елімізде мықты имамдар бар. Бірақ олар xалықпен жұмыс істеудің басқа әдіс-тәсілдерін қолданады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге қатты алаңдап келеді. Себебі бізде ондай адамдар аз. Иә, өз ойын еркін білдіріп, тиісті ақпаратты жеткізе алатын дін қызметкерлері мен имамдар бар. Бірақ олардың саны көп емес болғаннан кейін, "500 имам" бағдарламасы қолға алынды. Аталған бастама имамдардың шеберлігін шыңдауды көздейді. Әрине, Шамиль Аляутдинов өзіндік орны бар адам ғой. Бәлкім, дәл сондай адам жоқ шығар. Дегенмен, біздің имамдарымыз да қалыспай келеді", - дейді Б.Күлекеев. Осы орайда ол Бас мүфти мен оның орынбасарларын мысал ретінде келтірді. Себебі олардың теологиялық білімдері мықты әрі мемлекеттік саясатты жақсы біледі.
"Сондықтан бізде ондай мамандар жоқ деп айтуға болмайтын шығар. Олардың саны аз. Сосын олар xалықпен жұмыс істеудің басқа әдіс-тәсілдерін қолданады. Ең бастысы, діни басқарма бұл проблеманы жақсы түсінеді және имамдардың шеберлігін шыңдауға күш салып келеді", - деді комитет басшысының орынбасары Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.