Елімізде шампиньон саңырауқұлағы қаншадан сатылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтар саңырауқұлақты жиі қолдана бастаған. Соңғы бес жылда елімізде шампиньон өндірісі бірнеше есеге өскен. Kazinform агенттігінің тілшісі саңырауқұлақтарды тұтынудың өсуі неге байланысты екенін анықтап, өңірлердегі өнім бағасын зерттеп көрді.
Иә, қазақстандықтар саңырауқұлақтарға «тәуелді» бола бастаған. Былтыр және биыл өнім молынан жиналған. Алайда саңырауқұлақтарды сату өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Мұның себебі саңырауқұлақтарды жинауға салықтың салынуымен байланысты шығар.
Негізі салық коммерциялық мақсатта жинайтындарға қатысты екенін атап өткен жөн. Ад қарапайым тұрғындарға салықсыз 25 келіге дейін саңырауқұлақ жинауға рұқсат етіледі.
Саңырауқұлақтар — өте пайдалы өнім. Олардың құрамында көптеген ақуыздар бар, В, Д, Е, РР дәрумендерінің бүкіл тобы кездеседі.
Саңырауқұлақтар минералдарға бай. Бірақ дұрыс таңдалмаса, уланып қалуыңыз ғажап емес. Иә, саңырауқұлақтармен уланудың негізгі себептерінің бірі — жеуге жарамды және улы саңырауқұлақтарды дұрыс тани алмау.
Сондай-ақ оны өңдеу, сақтау және пісіруге де абай болған абзал. Содан болар, қазақстандықтардың көбі саңырауқұлақтарды супермаркеттерден сатып алғанды жөн көреді.
Оның ішінде ең үлкен сұранысқа ие — шампиньондар.
Бағасына тоқталсақ, барлық өңірде шамамен 2000 теңгеден сатылып жатыр. Ең арзан шампиньондарды Қарағанды облысынан табасыз.
Көмірлі шаһарда өнім бағасы 1600 теңгеден басталады. Ал Талдықорған мен Қызылордада шампиньон қымбат. Онда баға 3500 теңгеге дейін жетеді.
Нутрициологтардың пікірінше, шампиньондар өте пайдалы өнім. Аталған өнім «жаман» холестеринді, мигреньді, депрессиялық анемияны жояды.
Саңырауқұлақтар ауыр металдардың тұздарын, улы заттарды, токсиндер мен радионуклидтерді ағзадан шығаруға көмектеседі.
Тірек-қимыл аппаратының, тырнақтың, тістің және шаштың жағдайын жақсартады. Бастысы, саңырауқұлақтарды сақтау және дайындау ережелерін мұқият сақтаңыз.