Қазақстанда шаруаларды субсидиялау жүйесі жетілдірілді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздің аграрлық секторын дамытуға ықпал ететін маңызды бастамалар мен реформалар туралы айтып берді.

САПАРОВ Айдарбек Сейпеллович
Фото: primeminister.kz

Оның айтуынша, негізгі бағыттардың бірі – субсидиялау жүйесін жетілдіру. Осылайша, қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін жылдық «таза» 5%-бен тікелей субсидиялау тетігі енгізілді.

Отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі уақытта фермерлердің осы бағдарламаға қатысуға өтінімдері қаралуда.

«Отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Осы тетік аясында субсидиялар нормасы 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды. Су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларына су берушілерге тікелей шығындарды өтеуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен инвестициялық субсидиялау 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды», - деді А. Сапаров Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Далалық жұмыстарды кредиттеуде кепілдік жетіспеушілігін шешу үшін қарыз сомасының 85%-на портфельдік кепілдік беру енгізілді. Бұл көптеген фермерлерге қажетті қаржы ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша СҚО тәжірибесін тираждау жалғасуда. 2024 жылдан бастап бағдарлама аясында тауарлық сүт фермаларын, суару, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларынан басқа тағы 8 бағытты қаржыландыру көзделген.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 17 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланған, бұл мақсатқа 2024 жылға 100 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін екі есе арттыру мақсатында АӨК дамыту тұжырымдамасын іске асыру үшін қадамдық Жол картасы бекітілді.

Бұдан басқа, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлер алаңын жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті тұр. Бүгінгі күні56,3 мың гектар немесе 37,3% жер кеңейтілген. Министрлік мұндай технологияларды сатып алу кезінде шығындарды субсидиялауды жергілікті бюджет есебінен 50%-дан 80% -ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізді.

Бұған дейін А. Сапаров бидай, күріш алқаптары қысқарып, майлы дақылдарға басымдық берілгенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар