Қазақстанда шаттық тойын тойлау да, шаңырақтың шайқалуы да көбейіп тұр
АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-мамырында 55,4 мың жұп некеге тұрды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«2012 жылдың қаңтар-мамырында АХАТ органдарында тіркелген некелер саны 7,8 пайызға өсіп, 55,4 мыңды құрады. Некенің жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 7,9 болды», - деді ол.
Дегенмен агенттік басшысының сөзіне қарағанда, көтерген шаңырақтарын шайқалтқандардың да қарасы соңғы 5 айдың ішінде артып отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-мамырында ажырасу саны 9,7 пайызға өсіп, 19,2 мың жұп екіге жарылған. Ажырасудың жалпы коэфициенті 1000 тұрғынға 2,8-ге тең.