Қазақстанда шегірткеге қарсы өңдеу көлемі 900 мың гектарға азайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілетін аумақ көлемі азайып келеді. Биыл елімізде 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді. 

Қазақстанда шегірткеге қарсы өңдеу көлемі 900 мың гектарға азайды
Фото: ШҚО ауыл тұрғындарынан

Вице-министрдің айтуынша, шегірткенің таралу аумағы 2022 жылдан бастап ұлғайып, 2024 жылы ең жоғары деңгейге жеткен. Сол жылы шамамен 3,1 млн гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген.

Алайда өткен жылдан бастап зиянкестердің таралу қарқыны бәсеңдей бастаған. Мәселен, 2025 жылы 2,7 млн гектар жер өңделді. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 13%-ға аз. Ал биыл 2,2 млн гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Осылайша, өңдеу көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 31,5%-ға төмендейді.

– Шегірткеге қарсы өңдеу көлемінің азаюы фитосанитариялық ахуалдың тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді. Бұған өсімдіктерді қорғау жүйесін жетілдіру және бақылау жұмыстарының күшеюі әсер етті, - деді Ермек Кенжеханұлы.

Оның сөзінше, өңделетін аумақ көлемі әсіресе Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында айтарлықтай қысқарады.

– Мәселен, Қостанай облысында өңделетін жер көлемі 452 мың гектарға азайып, өткен жылмен салыстырғанда 62%-ға төмендейді деп күтіліп отыр. Ақмола облысында бұл көрсеткіш 153 мың гектарға немесе 78%-ға қысқармақ. Ал Ақтөбе облысында өңдеу көлемі 89 мың гектарға азайып, 17%-ға төмендейді деп болжанып отыр, - деді ол.

Жалпы, республика бойынша химиялық өңдеу көлемі 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 900 мың гектарға азайған.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырған еді.