Қазақстанда шегірткемен күреске авиация мен дрондар қолданылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау бағытындағы жоспарлы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда үйірлі шегіртке түрлеріне қарсы химиялық өңдеу 480 мың гектар аумақта жүргізілді.

Шегірткеге қарсы күреске 100-ден астам дрон жұмылдырылады
Фото: АШМ

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қорғаныс шаралары 12 өңірде арнайы жерүсті техникасын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын және авиацияны пайдалану арқылы жүзеге асырылу үстінде.

Өңдеу жұмыстары көлеміне қарай Түркістан облысында (291,2 мың га), Жамбыл облысында (116 мың га), Ақтөбе облысында (35,6 мың га) және Жетісу облысында (17,3 мың га) орындалды.

Қалған өңірлерде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы аумақтық инспекция мамандары «Фитосанитариялық диагностика және болжамдардың республикалық әдістемелік орталығы» мекесімен бірлесіп, зиянкестердің таралу ошақтарын уақтылы анықтау мақсатында ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг пен тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Барлық өңірлер қорғаныс шараларын толық көлемде жүргізу үшін қажетті пестицидтер қоры мен арнайы техникамен қамтамасыз етілген.

-Шегірткелердің шекаралас аумақтар арқылы көшуіне жол бермеу мақсатында министрлік көршілес елдердің салалық ведомстволарымен тұрақты түрде жедел ақпарат алмасу жұмыстарын қолға алып келеді,-делінген хабарламада.

Шегіртке зиянкестерінің таралу жағдайы мен жүргізіліп жатқан қорғау шаралары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің айрықша бақылауында. ‎

Осыған дейін шегірткеге қарсы күрес шаралары қайткенде тиімді болатыны туралы жаздық.