Қазақстанда шетел инвесторларымен жұмыс істеуге даяр кәсіпкерлердің тізімі жасалады
«Бізде шетелдік инвесторларға көптеп көңіл бөлінеді, жергілікті кәсіпкерлерге көңіл жеткілікті дәрежеде бөлінбейді» деген секілді кейбір жергілікті кәсіпкерлерде дұрыс емес пікір қалыптасып қалған. Біріншіден, біз кәсіпкерлерге қолдау керек кезде шетелдік немесе жергілікті деп бөліп жатпаймыз. Кім де кім инвестиция салып, жобасы болса, толыққанды қолдау алады», - дейді Сапарбек Тұяқбаев.
«Kazakh Invest» басшысының айтуынша, шетелден келетін инвесторлар Қазақстанға жолы түскен кезде «жергілікті серіктестер бар ма?» деген сұрақты міндетті түрде қояды екен.
«Осы себепті, жергілікті кәсіпкерлермен тығыз жұмысты бастадық. Жергілікті кәсіпкерлердің қандай да бір жобасы бар ма, қосымша инвесторға зәру ме деген секілді сұраққа жауап іздеп, қажет болған жағдайда жоба әзірлеуге көмектесеміз. Жақын айлардың ішінде шетелдік серіктестерді іздеп жүрген жергілікті кәсіпкерлердің тізімі шығады. Ол да шетелдік инвесторларға өте қажет», - дейді Тұяқбаев.
Ол сондай-ақ, Қазақстанда қазіргі таңда жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінің экспортқа шығып жатқандары шамалы екенін еске салды.
«Олар өнімдерін экспортқа сыртқа шығару үшін ең бірінші не керек? Дүниежүзілік экономиканы білетін, нарықты түйсінетін, жоғары технологиясы бар серіктес керек. Сондықтан, шетелдік инвесторларды тарту біздің кәсіпкерлерді тек қана күшейтеді», - деп түйді «Kazakh Invest» басшысы.
Фото: static.tildacdn.com