Қазақстанда шетелдік тіке инвестициялардың көлемі 10 миллиард долларға жетті

АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қоржындық инвестициялар бойынша нетто-ағын алдын ала деректер бойынша 7,1 миллиард доллар болды.

Қазақстанда шетелдік тіке инвестициялардың көлемі 10 миллиард долларға жетті

Бұл жайлы ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде айтты.

Алдын ала бағалау бойынша 9 айда қаржы шоты бойынша нетто-ағын 2-3 тоқсандардағы операцияларға негізделіп 4,9 миллиард доллар мөлшерінде қалыптасты. Шет елге тікелей инвестициялар бойынша 3,7 миллиард доллар нетто-ағын акционерлік капиталдың өсуімен қамтамасыз етілді.

Г. Марченконың айтуынша, Қазақстанға шетелдік тіке инвестициялардың таза түсуі 2010 жылғы қаңтар-қыркүйектегі 8,7 миллиардқа қарағанда 10 миллиард долларға жетті. Соның нәтижесінде тікелей инвестициялау бойынша оң баланс 9 айда 6,3 миллиард долларды құрады.

Қоржындық инвестициялар балансы Ұлттық қордың шетелдік активтерінің 7,5 миллиард доллардан астамға ұлғаюымен сипатталады. Сондай-ақ 9 айда банктердің шетелдік активтерінде де өсу аңғарылды. Бұл шетелдік шоттардағы активтерінің өсуі және несиелер мен заемдар бойынша міндеттемелерінің азаюынан да байқалады. 3 тоқсанда банктердің операциялары бойынша нетто-әкету алдын ала деректер бойынша 2,5 миллиард доллардан асты.