Қазақстанда шетелдік дипломдарды тану рәсімі жетілдіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен ЮНЕСКО ынтымақтастық туралы келісім жасасты, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) Азия-Тынық мұхиты өңірінде жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану туралы Токио конвенциясын іске асыруға қолдау көрсетуге бағытталған ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Ведомствоның мәліметінше, ынтымақтастықтың мақсаты — білім беру біліктіліктерін танудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру, халықаралық өзара іс-қимылды дамыту және осы бағыттағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Жоба аясында біліктіліктерді тану тәсілдері мен рәсімдерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу, халықаралық тәжірибені талдау және Токио конвенциясын Қазақстанда іске асыру жөніндегі жол картасын дайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар біліктіліктерді танудың ұлттық жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен консультациялар өткізу көзделген.
Нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіруге, біліктіліктерді тану рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық ақпараттық орталығының әлеуетін нығайтуға және халықаралық тәжірибе алмасуды дамытуға ерекше назар аударылады.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — шетелдік білім туралы құжаттарды тану бойынша цифрлық қызметтерді ілгерілету. Шетел азаматтарының қолжетімді электрондық сервистер туралы хабардарлығын арттыру және оларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ағылшын тілінде ақпараттық материалдар әзірлеу жоспарланып отыр.
Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы Токио конвенциясы аясында Қазақстанның Ұлттық ақпараттық орталығының функцияларын атқарады және оны іске асыру жөніндегі іс-шараларды үйлестіруге қатысады. Бұл жұмыс халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, академиялық ұтқырлықты қолдауға және біліктіліктерді танудың ашық әрі түсінікті рәсімдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
— Жобаны 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы желтоқсанға дейін іске асыру жоспарланған. ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық біліктіліктерді танудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге және Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуін нығайтуға үлес қосады деп күтіледі, — делінген хабарламада.
ЮНЕСКО-мен серіктестік Қазақстанның ашық, заманауи және халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдасқан жоғары білім беру жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады.
Осыған дейін 22 жылдық үзілістен кейін Қазақстанның киелі нысандары ЮНЕСКО тізіміне енгенін жаздық.