Қазақстанда шетелдік дипломды тану онлайн қолжетімді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде шетелдік дипломдарды тану eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Толығырақ Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ ақпаратында айтылған.

шетелдік диплом
Фото: Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ

- eGov Mobile қосымшасында шетелде алынған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломдарды тану қызметі қолжетімді. Қызмет шетелдік жоғары оқу орындарының түлектеріне Қазақстанда жұмысқа орналасу немесе оқуын жалғастыру үшін дипломын ресми түрде растауға мүмкіндік береді. Бұрын дипломды тану рәсімі жеке өтініш беруді және қағаз құжаттарды жинауды талап етсе, енді бүкіл процесс онлайн форматта қолжетімді. Бұл өтінішті қарау мерзімін едәуір қысқартып, қызметті пайдаланушылар үшін ыңғайлы, - делінген хабарламада.

Онлайн қызметті пайдалану үшін:

- eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту қажет;

- «Қызметтер» – «Білім» бөлімінде «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану» қызметін таңдау;

- өтінішті толтырып, қажетті құжаттарды тіркеп және төлем жасау қажет;

- өтінішті қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен растау.

Өтініш заңнамада белгіленген мерзімде қаралады. Нәтижесінде, пайдаланушы дипломды тану туралы электрондық құжатты алады немесе заңда көзделген негіздер бойынша дәлелді жауап беріледі.

Жаңартылған қызметті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп іске асырды.

Айта кетсек, қазақстандықтар дипломдарын eGov.kz порталында цифрландыра алады. 

Соңғы жаңалықтар