Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдарына жаңа талап қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Бұл құжатты талқылау барысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда бірқатар шетелдік университеттің филиалдары ашылғанын еске салды.
— 2022 жылы жаңа министрлік құрылғаннан кейін бұл жұмыс жақсы жалғасты. Қазір елімізде осындай филиалдар өте көп, бірақ олардың қызметі заң жүзінде толыққанды реттелмеген. Енді нақты талаптар енгізіледі. Филиалдар тек бас университеттің ресми шешімі болған жағдайда ғана ашылуы мүмкін. Бұл жергілікті серіктестердің бастамасы емес, бас ұйымның шешімі болуы керек дегенді білдіреді. Екіншіден, филиалдың беретін дипломы сол бас университеттің дипломымен тең болуы керек. Ұқсас емес, дәл сондай мәртебеде, — деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, қазақстандық студент осындағы британдық ЖОО-ның филиалында оқыса да, Ұлыбританиядағы студент сияқты тең диплом алуы тиіс.
— Филиалдағы білім мазмұны Қазақстанның мемлекеттік білім беру стандарттарынан төмен болуы тиіс. Сонымен қатар, аккредитациядан филиал бас университеттегідей тиісті халықаралық агенттіктен өтуі тиіс. Отандық емес, халықаралық ұйымның аккредитациясы болады. Атап айтқанда, министрліктің бұл оқу орнының білім сапасын тексере алатын құзыреті болады, — деді депутат.
Оқушының мектептен тыс уақытына ата-ана жауапты
— Бұл шын мәнінде үлкен мәселе. Былтыр елімізде резонанс тудырған бірнеше жағдай болды. Жазда кешкі уақытта немесе демалыс күндері оқушылар құқық бұзу әрекетіне барған, сондай-ақ келеңсіз оқиғаларға тап болған. Сол кезде олардың жанында мұғалімдер болмады. Педагогтер демалыста, үйлерінде болды, себебі каникул кезі еді, яғни жұмыс уақытынан тыс мерзім. Бірақ соған қарамастан, мектеп директорлары мен мұғалімдер жазаланды, тіпті жұмыстан шығаруға дейін барған. Әрине, бұл — әділетсіздік, — деді Асхат Аймағамбетов.
Осы орайда ол заңға нақты норма енгізілетінін, педагогтер балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болатынын атап өтті.
— Жазғы демалыс, түнгі уақыт, демалыс күндері — ата-ананың жауапкершілігі. Енді ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс, яғни педагогтерді осылай қорғаймыз, — деді депутат.
Мұғалімдер есептілікті бір нұсқада ғана тапсырады
Қазір ұстаздар көбіне бір есептілікті екі рет тапсыруға мәжбүр. Электронды түрде ақпараттық жүйеге жүктейді және қағазға шығарып, жеке тапсырады. Есеп жүйеде бар бола тұра, оның екінші нұсқасын талап етудің қандай қажеттілігі бар? Осының салдарынан мұғалімнің уақытын алады.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл мәселе бойынша заңнамалық норма енгізілді. Сондықтан есептілікті бір мезгілде екі форматта қайталауға жол берілмейді.
— Егер электронды формат болса, қағаз нұсқасы міндетті болмайды, — деді депутат.
Министрлік мектептердегі смартфонды пайдалану тәртібін айқындайды
Бүгінде әр мектеп смартфондарды пайдалану саясатын өз бетінше айқындайды, яғни бірыңғай ереже жоқ.
Депутаттың сөзіне қарағанда, тәжірибе жүзінде бұл жағдай мектеп директорларының шешім қабылдаудан қашуына әкеп соғады. Өйткені ата-аналармен пікірталастан, шағымдардан қорқады. Нәтижесінде, бір мектепте телефонға тыйым салынса, көрші мектепте ондай тыйым жоқ, ал үшінші мектепте мүлдем басқа жағдай қалыптасқан. Сондықтан заң жобасы аясында депутаттар бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынды. Министрлік бірыңғай саясатты айқындайды және ол тәртіп еліміздің барлық мектебінде қолданылады.
Педагогикалық мамандықтардың мәртебесі
Педагогикалық мамандықтарға түсудегі айналма жолдарға тосқауыл қойылады.
— Кейбірі айналма жол тауып алған. Схема өте оңай. Талапкер кез келген шетелдік оқу орнына түсіп, бір семестр оқып, одан кейін Қазақстандағы педагогикалық университетке ауысады. Ал оған қойылатын талаптар талапкерге емес, ауысушы студентке қойылатын талаптармен бірдей болады. Бұл тұрғыда ҰБТ мен арнайы емтихан керек болмай қалады. Осылайша, кейбір адамдар базалық талаптарға сай келмесе де, мұғалімдікке келіп жатыр. Енді бұған жол бермейміз. Осыдан кейін педагог мамандығына шетелдік университеттен ауысқан кезде де ҰБТ мен арнайы емтихан сертификаты міндетті болады, — деді Асхат Аймағамбетов.
Медициналық оқу бағдарламасының мазмұны қиындайды
— Медициналық білім беруде жүйелі мәселені шешеміз. Мақсатымыз — осы саладағы білім беру сапасын көтеру. Қазір медициналық ЖОО-ларда студенттер үш түрлі жүйе бойынша оқып жатыр. Соңғы реформа бойынша студент 6 жыл оқиды. Оның ішінде: бакалавриат — 5 жыл, магистратура — жарты жыл, интернатура — жарты жыл. Интернатурадағы осы жарты жылды студент ауруханада нақты бір мәртебесіз, медициналық жүйелерге рұқсатсыз, қарапайым ем-домға қатысу құқығынсыз өткізеді, яғни өз бетімен жүреді. Осындай 6 жылдық оқудан кейін олар жұмысқа да тұра алмайды, өйткені барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуі керек, оған тағы 2-4 жыл қажет, — деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, резидентураға грант саны өте аз. Көп жағдайда ақылы негізде білім алады. Тиісті өзгерістер енгізілмесе, алдағы уақытта кадр тапшылығы болуы мүмкін.
— Енді, 7 жылдық оқуға көшеміз. 6 жыл университеттегі теориялық оқу және 1 жыл ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатура болады. Осыдан кейін олар алғашқы буындағы жалпы практика дәрігері ретінде жұмыс істей алады. Бірақ невропатолог, нейрохирург сияқты бағыттарда маман болғысы келсе, қазіргідей резидентура оқуын жалғастыруы тиіс. Сонымен қатар, оқу бағдарламасының мазмұны да қарқынды болады. Анатомия, физиология секілді іргелі клиникалық пәндер типтік бағдарламада қатаң бекітіледі. Әр медициналық университет мұны толық көлемде беруге міндетті болады. Ал осы базалық деңгейді меңгергеннен кейін, тәуелсіз алаңда міндетті емтихан тапсырады. Интернатура имитация емес, шынайы болады, — деді депутат.
Осы орайда алтыншы курс түлегі дәрігер-интерн ресми мәртебесін алады. Бұл өз кезегінде ақпараттық жүйелерге рұқсат берілетінін білдіреді. Тәлімгер дәрігердің бақылауымен жас маман базалық медициналық әрекеттерін жасау құқығын алады. Бұл ретте, еңбекақы алуға, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріледі.
— Болашақ дәрігерлерге сапалы әрі нақты тәжірибе беріледі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарына қабылдауды, шетелдік студенттер мен ақылы бөлімдерді реттеу бойынша нақты механизмге ие болады, — деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, балабақша, кәсіптіктік білім беру саласындағы барлық педагогтерді өз міндетіне жатпайтын функцияларды атқарудан қорғайтын норма енгізілді.