Мектептердегі ескі әдет жойылады: мұғалімдер есептілікті бір нұсқада ғана тапсырады

АСТАНА. KAZINFORM — Педагогтердің есептілікті бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуіне жол бермеу. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті. 

Мектептердегі ескі әдет жойылады: мұғалімдер есептілікті бір нұсқада ғана тапсырады
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Заң жобасында есептіліктің қайталануы мәселесіне назар аударылған. Депутаттарға мұғалімдер осы мәселе бойынша жиі жүгінеді. Ұстаздар көбіне бір есептілікті екі рет тапсыруға мәжбүр. Электронды түрде ақпараттық жүйеге жүктейді және қағазға шығарып, жеке тапсырады. Есеп жүйеде бар бола тұра, оның екінші нұсқасын талап етудің қандай қажеттілігі бар? Бұл сұраққа ешкім мардымды жауап бере алмады, яғни жай ғана қалыптасып қалған әдет. Осының салдарынан мұғалімнің уақытын алады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда ол бұл мәселе бойынша заңнамалық норма енгізілетінін, есептілікті бір мезгілде екі форматта қайталауға жол берілмейтінін атап өтті.

— Егер электронды формат болса, қағаз нұсқасы міндетті болмайды, — деді депутат.

Бұған дейін педагогтерді әлеуметтік жағынан қолдаудың кандай тетіктері бар екенін жазған едік.