Қазақстанда шетелдіктерге арналған сұранысқа ие мамандықтар тізімі кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесі айтарлықтай кеңейтілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталына жарияланды. 

Қазақстанда шетелдіктерге арналған сұранысқа ие мамандықтар тізімі кеңейтіледі
Фото: Kazinform/ЖИ

Жоба елімізге экономиканың басым салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тарту үшін жағдай жасауға бағытталған.

— Жобада Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін шетел азаматтарына сұранысқа ие кәсіптер тізбесін ұлттық экономиканың қажеттіліктері мен басым салаларды ескере отырып, 51 кәсіптен 174 кәсіпке дейін кеңейту көзделеді, — делінген құжатта.

Күтілетін нәтиже — экономиканың басым салаларына жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесін кеңейту. Іске асыру мерзімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы қабылданғаннан кейін белгіленеді.
Айта кетейік, бұйрық жобасы бірқатар жоғары деңгейдегі құжатты іске асыру мақсатында әзірленді. Атап айтқанда:

— Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 қазандағы № 1042 Жарлығымен бекітілген Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 85-тармағы;

— Мемлекет басшысының 2026 жылғы 25 сәуірдегі № 1242 «Жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көші-қон саясатын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының тиісті тармақшасы;

— Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 33-тармағы.

Жобаны талқылау 2026 жылғы 6 қазанға дейін жалғасады.

Бұған дейін Қазақстанда шетелдік мамандарды отандық кадрлармен алмастыру бағдарламасы әзірленетінін жазғанбыз.