Қазақстанда шығарылған автокөліктерге қосымша жеңілдіктер жасалуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өндірілген автокөліктердің бағасы төмендеп келеді. Қараша және желтоқсан айларында өндірушілер тарапынан қосымша жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметтегі брифингте айтты.
Министрдің айтуынша, соңғы бірнеше айда Қазақстанда шығарылған автокөліктердің бағасы шамамен 11 пайызға төмендеген.
— Елімізде өндірілген автокөліктердің бағасы арзандап жатыр. Менің білуімше, соңғы айларда баға шамамен 11 пайызға төмендеді. Қазір автокөліктердің бағасы бұрнғыдан шамамен 10 пайызға арзан, оған қоса түрлі акциялар да бар, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ министр жыл соңына дейін автокөлік өндірушілері қосымша жеңілдіктер ұсынуы мүмкін екенін айтты.
— Жыл соңына жақындаған сайын биыл шығарылған модельдер ескіре бастайды, яғни, тұтынушылар 2027 жылғы көліктерді сатып алуға тырысады. Қазір қараша, желтоқсан айлары жақындап келеді. Сондықтан жеңілдіктер болатыны түсінікті. Меніңше, бағалар әлі де төмендейді, — деді министр.
Сонымен қатар Нағаспаев Қазақстанда автокөлік өндірісін ұлғайту жоспарлары туралы да айтты. Былтыр елімізде 71 мың автокөлік шығарылса, биыл 191 мың автокөлік өндіру жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Алматы облысында жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы Kia зауыты іске қосылды. Сонымен қатар Алматы қаласында жылына 120 мыңға дейін автокөлік өндіруге арналған көпбрендті зауыт жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Алматыда әрбір жетінші көліктің зиянды шығарындылары нормадан асқанын жазғанбыз.