Қазақстанда «шошқа тұмауының» таралып кету қаупі жоқ ?А.Белоног
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда «шошқа тұмауының» кең таралып кету қаупі жоқ.
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте Республиканың Бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Шошқа тұмауы» деп аталып кеткен індеттің ошағы Мексикада басталған. Қазіргі таңда ол АҚШ, Канада, Франция, Ұлыбритания және Израиль мемлекеттеріне таралып, бүгінде аталмыш дерттің 1600 жұқтыру оқиғасы тіркелген. А. Белоногтің айтуынша, «Қазақстанда шошқа тұмауының кең таралып кету қаупі жоқ». Дегенмен Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мемлекеттік шекарадағы ахуалды мониторингілеу және індетке қарсы іс-шараларды күшейту бағытында шешім қабылдаған.«Шошқа тұмауы» ауруы әдеттегі тұмауға ұқсас белгілермен анықталады. Олар - дене қызуы, өкпе қабынуы симптомдары. Індет ет тағамдары, ауа арқылы таралады. «Санитарлық-карантиндік бекеттерде сақтық шаралары күшейтілді. Шекарамызды асып, елге келіп жатқан жолаушылардың денсаулығы бақыланып отырады. Мемлекеттік шекарадағы орындарда - халықаралық әуежайларда, теміржол және автокөлік өткелдеріндегі санэпидемқадағалау орындары телевизорлармен, термометрлермен, керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Дер кезінде диагностика жасауға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр», - деді А.Белоног.«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аймақтық орталығының соңғы берген ақпарына сәйкес аталмыш індеттің бетін «Тамифлю» дәрісі ғана қайтара алады. Бұл дәрінің бізде 30 мың дозалық мөлшері бар», -деп атап көрсетті ол.
Оның айтуынша, ветеринарлық органдар шетелден келетін ет тағамдарын тексеру жұмыстарын күшейткен. «Әрине, біз қазақстандықтарға «шошқа тұмауы» байқалған елдерге баруды тоқтата тұруға кеңес береміз», - дейді Бас санитарлық дәрігер.