Қазақстанда шұжық, ет, сүт және алкоголь өнімдері қымбаттады
Берілген ақпаратқа сәйкес, үстіміздегі жылдың тамыз айында азық-түліктің кейбір түрлерінің бағасы көтерілген: шұжық - 1,4 %-ке, құс еті - 1,2 %-ке, сиыр және шошқа еті - 1,1 %-ке, жылқы еті мен қой еті - 0,4 %-ке қымбаттаған. Сүт өнімдерінің бағасы 1,2 %-ке, ал алкогольді ішімдіктердің бағасы 1 %-ке көтерілген.
Жалпы, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасы бір айда 0,7 %-ке артқан болса, азық-түлік тауарларының бағасы 0,9 %-ке төмендеген. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауы 9,2 %-ті көрсеткен. Биылғы жемістердің бағасы 4,4 %-ке, көкөніс 13,2 %-ке, картоп 20,4 %-ке арзандаған.
Бұдан тыс, арзандаған азық-түлік тауарларының қатарында ұсақ қант (2,2 %), қарақұмық (2,9 %) және жұмыртқа (1,5 %) да бар. Бұлардың бағасының төмендеуіне себеп ретінде министрлік баспасөз қызметінің ақпаратында аталған өнімдердің нарықтағы профициті келтіріледі.
Статистикалық мәліметтерге орай, тамызда жыл басына қарағанда 19 әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарының баға индексі 1,1 %-ті құраған. Қазақстанда тамыз айында инфляция 0,1 %-ті, жыл басынан бері 3,9 %-ті, жылдық көрсеткіш бойынша 7 %-ті құраған.