Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдары ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алады - Ә.Исекешев

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат -«Министр Әсет Исекешевтің төрағалығымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде құрылыс индустриясын дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті, деп хабарлайды Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдары ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алады - Ә.Исекешев

Кеңестің күн тәртібі ел Президентінің тапсырмалары, сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалық құжаттарда бекітілген міндеттер шеңберінде құрылыс саласын дамытудың басты мәселелері негізінде қалыптастырылды. Атап айтқанда, «Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасын әзірлеу, құрылыс индустриясын және құрылыс материалдарын шығаруды дамытудың қолданыстағы бағдарламасын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Әсет Исекешевтің айтуынша «Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасын әзірлеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі  негізгі құрылыс материалдарының көлемдерін ескере отырып, құрылыс материалдарындағы қажеттілікке қайта есептеу жүргізді. Осындай есептер  негізгі жол-құрылыс материалдары бойынша да жүргізілді. Олардың негізінде құрылыс саласын қажетті материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар пысықталды.

Қазіргі уақытта, отандық құрылыс материалдарын өндіру көлемі  65,2 пайызға жетті. Сонымен бірге, Үдемелі индустрияландыру бағдарламасымен ішкі нарықтың құрылыс материалдарына деген  қажеттіліктерді қанағаттандыру 80 пайызға дейін жетеді деп  болжануда. Мемлекеттік органдардың, құрылыс салушылар қауымдастықтарының, «Атамекен» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының, даму институттарының өкілдері құрылыс материалдарын шығару саласындағы көкейкесті проблемаларды талқылады. Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қуаттылықтарының жүктелімі, өнімді өткізу проблемалары, өндірістік күштерді ұтымды орналастыру және индустриялық құрылыс комбинаттарының желісін дамыту мәселелері сөз болды.

Әсет Исекешев Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдары ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алады деп атап өтті. Атап айтқанда, цемент, бетоннан жасалған бұйымдар, әктас, қабыршақ, асбест, арматура, гипскартон, металл құбырлары және құрылыс материалдарының түрлері бойынша саланың барлық ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ететіндей жұмыс істеп тұрған қуаттылықтар жеткілікті. Алайда, кәсіпорындардың төмен жүктелімі әзірге импорттан бас тартуға мүмкіндік бермейді.