Қазақстанда шығатын материалдардың 20 пайызында ұлтаралық келіспеушілікті тудыратын астыртын ой бар
АСТАНА. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда елімізде ұлтаралық келісім тақырыбына арналған мақалалардың басым бөлігінде талдамалы мазмұн жоқ.
Бүгін Еуразия ұлттық университетіндегі «БАҚ-тың этносаралық төзімділікті дамыту жолындағы рөлі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми семинарда Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық келісім идеясын насихаттау жұмысы жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Журналистиканың этникалық саласы дұрыс жолға қойылмаған. Материалдар ішкі ұлтаралық қарым-қатынас проблемаларынан шыға алмайды, ал жарыққа шығып жатқан мақалалардың талдамалы мазмұны жоқ. Оның басты себебі - журналистердің ізденбей жатуы. «Социолог сарапшылардың соңғы зерттеулері бойынша БАҚ беттерінде жарық көрген мақалалар ғана ұлтаралық араздықты тудырады және осы этносаралық қайшылықтардың алдын алуын қамтамасыз ете алады. Ал осы тақырыпқа арналған қазақстандық материалдардың 20 пайызында ұлтаралық қайшылықты тудыратын астыртын ой бар. Әсіресе, бұл үрдіс кейбір Интернет сайттарында ашық көрінеді. Онымен олар сайтқа кірушілерді көптеп тартуға тырысады. Сондықтан бүгінде біз осы орайда қазақстандық журналистиканың 80 пайызында қалыптасқан тәжірибені кеңінен насихаттауға міндеттіміз. Айта кетейін, ақпараттың тапшылығы ғана өсек-аяң мен теріс пікірді тудырады. Мен білем, қазақстандық БАҚ-тың ақпараттық әлеуеті жоғары», - деді Е.Тоғжанов.