Қазақстанда сиыр, қой және жылқы еті өндірісі артты

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 трлн 226 млрд теңгеден асты.

Қазақстанда сиыр, қой және жылқы еті өндірісі артты
Фото: Kazinform/ЖИ

Мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі салалардың бірі болып қала береді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 трлн 226 млрд теңгеден асты. Ал нақты көлем индексі 103,5%.

Есепті кезеңде елімізде барлық ет түрлерін өндіру көлемі 846,5 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары.

Сиыр еті өндірісі 301,6 мың тонна. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 282,3 мың тонна болған. Қой еті өндірісі 88,6 мың тоннадан 91,2 мың тоннаға, жылқы еті 115,3 мың тоннадан 119,9 мың тоннаға дейін өсті. Құс еті өндірісі де қарқынды дамып, былтыр 276,1 мың тонна болса, қазір 277 мың тоннаға жетті.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында елімізде 3,04 млн тонна сүт өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға көп. Ал жұмыртқа өндірісі 7,4%-ға өсіп, 3 659,8 млн данаға жетті.

Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да артып келеді. Есепті кезеңде ірі қара мал саны 8 778,4 мың басқа (103,4%), қой мен ешкі саны 22 609,5 мың басқа (102,3%), жылқы саны 4 787 мың басқа (107,3%), түйе саны 311,5 мың басқа (104%) жетті. Құс саны 49,2 млн болып, 100,4%-ды көрсетті.

Айта кетелік мал өнімдерін өткізу тәртібі күшейтілетіні туралы жазған едік.