Қазақстанда сирек кездесетiн аң-құстардың сақталуына бағытталған бiрде-бiр бағдарлама жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сирек кездесетiн биологиялық түрлердiң сақталуына бағытталған бiрде-бiр бағдарлама жоқ. Бұл туралы бүгiн Астанада «Жасыл экономикаға» экожүйелiк қызметтердi енгiзу мәселелерiне арналған халықаралық конференцияда БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуандылық бойынша менеджерi Талғат Кертешев мәлiм еттi.
«Ұлттық мiндеттердiң бiрi - сирек кездесетiн және жойылуға шақ қалған биологиялық түрлердi сақтау. Бүгiнде Қазақстанда сирек кездесетiн биологиялық түрлердiң сақталуына бағытталған бiрде-бiр бағдарлама жоқ. Киiктердi, бекiре тұқымдас балықтарды қорғауға арналған бюджеттiк бағдарламалар бар, бiрақ олар толыққанды бағдарлама емес, ол тек осы түрлердi қорғауға арналған. Қалғандары назардан тыс қалып жатыр», - дедi Т. Кертешев.
Оның айтуына қарағанда, егер мемлекет табиғатта сирек кездесетiн түрлердi сақтауға кешендi түрде атсалыспаса, олардан айырылып қалуымыз ықтимал.
«Сондықтан, жаңа стратегияның аясында бiз сирек кездесетiн 17 түр бойынша бағдарлама жасауды ұсынамыз. Оның шеңберiнде тиiстi жағдайлар қарастырылуы шарт. Мәселен, жануарлардың еркiн көшуi үшiн жол өткелдерiн салу өте қажет. Елде iрi-iрi магистральдар, темiржол желiлерi салынуда. Алайда, елде киiктердiң, құландардың, өзге де жануарлардың дала кезуiне қажеттi өткелдер жоқ. 2030 жылға қарай 10 өткел салу жоспарын қоюымыз тиiс. Бұл алдымен жануарлардың браконьерлерден сақтануына керек шара», - деп атап өттi ол.
Айта кетейiк, конференцияға Вьетнам, Түркіменстан, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, АҚШ және Германия мамандары қатысуда.