Қазақстанда сирек металдардың 935 мың тоннадан астам қоры анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы перспективалы учаскелерде сирек және сирек жер металдарының 935,4 мың тонна болжамды ресурсы анықталды. Бұл туралы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша белгілі болды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, геологиялық барлаудың негізгі бағыттарының бірі — өнеркәсіп пен жаңа технологияларды дамытуға қажетті стратегиялық пайдалы қазбаларды іздеу. Олардың қатарында алтын, мыс, полиметалдар, литий, вольфрам, молибден және сирек әрі сирек жер металдары бар.
Қазақстанда бұл бағытта бірқатар ірі кен орындары бар. Мәселен, вольфрамның негізгі қоры Қараоба кен орнында орналасқан. Литий бойынша Қарағайлыактас, Ахметкино және Ахмировское нысандары перспективалы саналады. Молибденнің ірі кен орындары Қарағанды облысында шоғырланған. Олардың қатарында Көктенкөл, Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар бар. Ал Абай облысындағы маңызды нысандардың бірі — Айдарлы.
Қазіргі таңда іздеу бағдарламасына енгізілген 11 учаскеде зерттеу жұмыстары аяқталған. Олардың ішіндегі ең перспективалысы ретінде Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі аталды.
Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде мұнда лантан (La), церий (Ce), неодим (Nd) және иттрий (Y) сияқты сирек жер металдарының елеулі болжамды ресурстары анықталған. Барлық учаске бойынша болжамды ресурстардың жиынтық көлемі 935,4 мың тонна болды.
Сонымен қатар Ырғыз алаңында С2 санаты бойынша 795,8 мың тонна қор есептелді. Бұдан бөлек, Кеңқұдық, Ржавая Сопка, Миролюбовский, Боқай және Кунеой учаскелеріндегі сирек және сирек жер металдарының әлеуеті бағаланды.
— Сирек металдар қазіргі заманғы технологиялар мен перспективалы өндірістер үшін маңызды шикізат саналады. Олардың қорын анықтау Қазақстанның өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, — делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 2024-2025 жылдары Қазақстанда 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынғанын хабарлаған едік.