Қазақстанда ситуациялық дағдарыстық орталықтар желісі құрылып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазір белсенді түрде ситуациялық дағдарыстық орталықтар желісі құрылып жатыр.
Мақсаты - төтенше жағдайлар жөнінде халықты дер кезінде құлағдар ету. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің апатқа ұшырау қаупін азайту ғаламдық бағдарламасы бойынша Өңірлік кеңесінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Стратегиялық жоспарлау, ақпараттық-талдама жұмыстары, ғылым және жаңа технологиялар департаментінің директоры Сырым Ғаббасов мәлімдеді.
Оның айтуынша тұрғындарды апатты жағдайлар туралы дер кезінде ескерту үшін сенімді мониторинг жүйесі болуы қажет. Тек соның негізінде алдағы кезеңдерге дұрыс болжамдар жасалынады.
«Бұл үшін, еліміздегі бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметтер одан әрі жетілдірілетін болады. Мына өздеріңіз білетін 112 телефон нөмірі бар емес пе? Енді ол тек жай телефон емес, онда енді бүтін бір қызметкерлер құрамы жұмыс істейтін болады. Яғни ондағы мамандар қауіпті жағдайларды, орын алуы ықтимал апаттарды мұқият қадағалайды және олар туралы тұрғындарға дер кезінде ескерту жасап отырады. Ал апат орын ала қалған жағдайда, оның салдарын барынша қысқа уақытта жояды. Бұл қызметтерді жетілдіруге бюджеттен жеткілікті қаржы бөлініп жатыр».
Естеріңізге сала кетейік, қазір ҚР ТЖМ мен елдегі барлық ұялы телефон оперторлары арасында арнайы келісім жасалынған. Ол бойынша тұрғындар апатты жағдайлар туралы тиісті органдардың нөмірлеріне тегін СМС хабарлама жібере алады.