Қазақстанда скринингтік зерттеулер толық көлемде жүргізілмеуде - Н.Петухова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда скринингтік зерттеулер толық көлемде жүргізілмеуде. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің бірлескен отырысында депутат Надежда Петухова мәлім етті.
«Тіпті, біздің елордамыздың өзінде бұл жұмыстар жүргізіліп отырған жоқ. Мәселен, қалада емханалардың бірінен өңеш аурулары мен асқазан обырын ерте анықтауды жүзеге асыру үшін эндоскопиялық зерттеулер қалай жүргізілетіндігін сұрадым. Сөйтсем, емханада тіпті эндоскоптың өзі жоқ болып шықты», - деді халық қалаулысы.
Н.Петухованың айтуынша, аталған емхана скриниг жүргізу үшін стационарлармен олардың құрал-жабдықтарын пайдалау туралы келісімшарт жасасады. Демек емханада қажетті аппараттың болмауы себепті профилактикалық тексеру немқұрайлы жүргізіледі. «Сондықтан да бұл скрининг толық көлемде жүргізіліп отырған жоқ», - деп түйіндейді депутат.
Оның атап өтуінше, колоректальды обырды анықтауға өткен жылы 413 млн. теңге бөлініп, шамамен 900 мың ер адам пен әйел тексеруден өткен. Ауруға шалдыққандығы анықталғандар небәрі 336 адамды құрады. Ал бұл өз еркімен тексеруге келіп, обыр дертіне шалдыққандығы анықталған адамдардың 12 пайызы ғана.