Қазақстанда SMART-фермалар саны артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда SMART-фермалар саны артады. Бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда SMART-фермалар саны артады

«Технологиялық қайта жарақтандыру міндеттері шеңберінде ІТ-технологияларды, оның ішінде нақты егіншілік технологиялары мен SMART-фермаларды пайдалануға бизнесті тарту үшін жағдай жасалатын болады. Нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге егістердің электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг пен басқа да шешімдер жатады», - деп тоқталды А. Евниев.

Осы орайда тиісті жетістіктерге  өнімділікті арттыруға ахрохимияны, тұқым шаруашылығын, аграрлық ғылымды жақсарту, технологиялық операциялардың уақтылы іске асырылуы мен сапасы, датчиктерді пайдалану және табиғи факторларды есепке алу есебінен қол жеткізуге болады. Бұл өз кезегінде шығынды кемінде 25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

«SMART-фермалардың енгізілуі жануарлар басына мониторинг жүргізуге, табындарды басқаруға, жылыжайларды автономды басқаруға, онлайн-режімде шығыстарды есепке алуға және талдауға мүмкіндік береді. Фермаларға метеодеректер беру қызметін көрсету үшін халықаралық тәжірибе пайдаланылатын болады. Ағымдағы жылы қанатқақты жоба Ақмола және Қарағанды облыстарында іске асырылады», - деп нақтылады Арман Евниев.