Қазақстанда смартфон көмегімен сатып алушылардың үлесі 65 пайызға жақындады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда смартфон көмегімен сатып алушылардың үлесі бүкіл 65 пайызға жақындады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электрондық коммерцияда маркетплейс деген құралдарға сұраныс артып келеді. Бұған мысал ретінде Alibaba және Amazon электронды платформалары болып саналады. Олар өз елдерінде онлайн нарықтарының жартысына ие. Электрондық сауданың тағы да бір тренді – бұл көбінесе смартфондар арқылы сатып алу. Смартфондардың көмегімен сатып алушылардың үлесі бүкіл әлемде 54 пайызды құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 65 пайызға жақындады»,- деді министр.

Оның дерегінше, елімізде электрондық сауда нарығының көлемі 2019 жылы 1,8 есеге өсіп, 700 млрд теңгеден асты. Электрондық сауданың бөлшек саудадағы үлесі 1 пайыздық пунктін қосып, 3,7 пайызды құрады.

«Бұл айтарлықтай өсу әлеуетін көрсетеді. Осы ретте, ішкі нарық қарқынды дамуда. Қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу көлемі 422 млрд, халықаралық интернет-алаңдарда 280 млрд теңгені құрады. Сатып алулар саны 40,5 миллионға дейін өсті. Бұл ретте ішкі нарықтың негізгі өсімі 2,5 есеге асып, 22 млн дана болды. 2019 жылы белсенді сатып алушылардың саны 72 пайызға артып, 3,2 млн адамды құрады», - деді ол.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Алайда, салық жеңілдіктерін пайдалану үшін 579 интернет-дүкен ғана тіркелген.

«Сондықтан нарықтың реттеу рәсімдерін қатаңдатпай, осы саланың заңды қызметін ынталандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Тауарлар мен қызметтердің айналымының ашық бола түсуінің дәлелі ретінде айтатын жайт, 2019 жылғы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсім POS-терминалдардың сауда инфрақұрылымының дамуына, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay сияқты жүйелердің енуіне, банктердің клиенттеріне бонустар мен кэшбэк стимулдары арқылы ынталандыруына, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді қолдануға байланысты. 2019 жылы электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды»,- деді министр.


Соңғы жаңалықтар