Қазақстанда соңғы алты жылда волонтерлік ұйымдар саны 4 есе өсті — Айбек Досымбетов
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Ал елімізде соңғы жылдары белсенді волонтерлер саны алты есе өсіп, 300 мыңға жетті.
Бұл туралы Петропавлда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетовтың сөзіне қарағанда, Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың дамып келе жатыр. 2020 жылы 224 ұйым болса, бүгінде оның саны 810-ға жеткен.
— Дамудың негізгі бағыттарына тоқталсақ, өңірлермен әріптестік, халықаралық ынтымақтастық және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл басымдықта. Волонтерлер саны артып қана қоймай, қатары түрлі жас санатындағы адамдармен толығып жатыр. Бүгінде өңірлердегі басқармалармен меморандумға отырдық. Жалпы, волонтерлік қызмет Конституциялық деңгейде қорғалады, — дейді Айбек Досымбетов.
Мамандардың айтуынша, бүгінде еріктілік қызмет қайырымдылықпен ғана шектелмей, әлеуметтік қолдау көрсету, экологияны қорғау, төтенше жағдайлардың салдарын жою, білім беру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету секілді көптеген бағыттарды қамтып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында қазір 10 мыңнан астам волонтер бар. Сонымен қатар 50-ден астам волонтерлік және қайырымдылық ұйымы тіркелген, 20 бастамашыл топ жұмыс істейді. Аудандар мен Петропавлда жастар ресурстық орталықтарының жанынан құрылған 14 волонтерлік клуб жергілікті деңгейдегі жұмыстарды үйлестіріп келеді.
СҚО «BIRGEMIZ» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкованың айтуынша, өңірдегі волонтерлердің қызметі 18 түрлі бағытты қамтиды. Олардың қатарында әлеуметтік, экологиялық, медициналық, спорттық, оқиғалық, IT-волонтерлік, донорлық, күміс волонтерлік, жануарларға көмек көрсету, төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлік және іздестіру жұмыстары бар.
— Әлеуметтік волонтерлік белсенді бағыттардың бірі. «Birgemiz: Qamqor» жобасы аясында еріктілер жалғызілікті қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға көмек көрсетеді. Волонтерлер азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп, үй шаруасына көмектеседі, қажетті кеңестер береді. Биылғы жылдың басынан бері ғана 400-ден астам волонтердің қатысуымен 300-ден астам адамға көмек көрсетілді, — дейді Анастасия Волкова.
Өңірде кәсіби немесе pro bono волонтерлігі де дамып келеді. Заңгерлер мен психологтар тұрғындарға тегін кеңес беріп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетеді. Осы жылдың алғашқы бес айында түрлі құқықтық мәселелер бойынша 18 заңгерлік кеңес ұйымдастырылып, тоғыз психологиялық тренинг пен сегіз жеке кеңес өткізілген.
Бұған дейін елде волонтердің цифрлық паспорты енгізілетінін жазған едік.