Қазақстанда соңғы 20 жылда 17 театр ашылды

«Театрлар туралы қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов «хас сұлудың көз жасындай әсем өнер» деп айтуындай-ақ айтқан ғой.
Тәуелсіздік жылдары көрші елдердегі көптеген театрлар жабылып, енді бірінде тұтас өнер саласына тыйым салынып жатқанда, біз еліміздегі барлық театрларды сақтап қалдық. Сақтап қана қалған жоқпыз, Қазақстанда кейінгі 20 жыл ішінде 17 жаңа театр ашылды. Қазір еліміздегі жалпы театрлар саны 54-ке жетті. Соның ішінде Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ драма театрлары су жаңа ғимараттарға көшті. Барлық тозығы жеткен республикалық, облыстық театрларға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Театр репертуарлары жаңартылып, үлкен өнерге жас толқын өкілдері келіп қосылды. Нәтижесінде көрермен театрға қайтып оралды. Қазір республикалық театрлар қойылымдарының басым көпшілігі аншлагпен өтуде.
Әрине, әр кездерде де өнерде шығармашылық бәсеке болған. Біреуге ұнаған дүние, екінші біреудің көңілінен шықпауы мүмкін. Аға буын мен жас буынның өнер мен ондағы сан алуан бағыт-бағдарларға деген пікір алшақтығы да жиі болып тұратын құбылыс. Бұған түсіністікпен қарау қажет», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.