Қазақстанда соңғы 5 жылда аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы
АЛМАТЫ. 31 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда өзге мемлекеттерден шыққан жұқпалы аурудың ел аумағына таралуының алдын алу үшін шекарада 35 санитарлық карантиндік пунктер жұмыс жасауда. Бұл туралы бүгін Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерін (ХМСЕ) жүзеге асыру бойынша өтіп жатқан көп тарапты мемлекетаралық семинарында айтылды.
«Екі күндік бұл шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтерінен келген уәкілдер мен Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің сарапшылары қатысуда. Қазақстан соңғы бірнеше жылда ХМСЕ-ні жүзеге асыруда жақсы табыстарға жетіп отыр. Сондықтан оның тәжірибесін көршілес елдерге көрсету үшін Дүниежүізлік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда әдейілеп осы халықаралық семинарды өткізіп отыр», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Айтмағамбет Жолшоринов.
Қазақстан ДДҰ-ның 2007 жылы қабылданған ХМСЕ жүзеге асыру барысында жұқпалы аурулардың алдын алу үшін кешенді жоспар құрып, ол Үкімет қаулысымен бекітілген болатын. Айтмағамбет Жидебайұлының айтуынша, соның арқасында кейінгі 5 жылдың ішінде Қазақстанда аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Әсіресе 2010 жылы полиомиелит ауры бүкіл жерде бұрқ еткенде Қазақсанда бір ғана жәйт тіркелді. Оның өзі басқа елден келген азаматтан анықталды. «Алдын алу шараларын жоғары деңгейде өткізу нәтижесінде біз халықты қауіпті аурудан сақтап отырмыз. Кеден одағы аясында санитарлық карантин пунктерін оңтайландырып, оларды қайта жаңарттық. Қазіргі кезде ел аумағында аурудың алдын алу үшін шекарада өзге елден келген азаматтардың бәрін санитарлық бақылаудан өткізу үшін 35 санитарлық карантиндік пунктер орналастырылып отыр. Ондағы жылу изоляторынан өткенде адамның дене қызуы жоғары болса оны оқшаулап, тексереміз. Ол диагнозы анықталғанға дейін дәрігерлердің қарауында болады», - дейді Айтмағамбет Жолшоринов.