Қазақстанда соңғы 5 жылда құс еті өндірісі 30 пайызға ұлғайды - Г. Исаева

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде жылына 134 мың тонна құс еті өндіріледі екен. «Бұл бізге шет елдерден жеткізілетін құс етінің көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Егер 2007 жылы елімізде тұтынылатын құс еті көлемінің 70 пайызы шет елдерден жеткізілген болса, бүгінде ол 55 пайызды құрайды. Бізде қазір құс шаруашылығы саласын дамыту бойынша алдағы 7 жылға арналған жоспар бар. Ол бойынша 2020 жылға дейін Қазақстанда құс еті өндірісінің көлемін жылына 230-240 тоннаға жеткізу көзделген. Сонда ішкі нарықтың сұранысын толығымен қамтамасыз етеміз. Бұған сөзсіз қол жеткіземіз. Өйткені, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмек 6,8 млрд. теңгеден 25 млрд. теңгеге ұлғайтылды», - деді Г. Исаева. Сонымен қатар ол, қазіргі таңда ішкі нарықты құс жұмыртқасымен толық қамтамасыз етуге қол жеткізілгенін жеткізді. «Елімізде жұмыртқа өндірісі соңғы 5 жыл ішінде 15 пайызға өсті. Қазіргі таңда жылына 4,3 млрд. дана жұмыртқа өндіріледі. Ал бұл, ішкі нарықтың сұранысын толығымен қамтамасыз етіп отыр. Біз қазір тіпті жұмыртқаны экспортқа шығара бастадық», - деді Г. Исаева. Айта кетелік, елімізге құс еті тұтас және мүшеленген күйінде Ресей, Белоруссия, Украина, АҚШ және бірқатар Еуропа елдерінен жеткізіледі. Форум жұмысы одан әрі жалғасуда.