Қазақстанда соңғы үш жылда ішімдік ішетіндердің саны 9 пайызға азайды
АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығында Алкогольді пайдаланудан бас тартудың ұлттық күніне орай «Алкогольді шамадан тыс пайдаланудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті.
15 және одан жоғары жастағы жер шары тұрғындарының 47 пайызы ішімдікті пайдаланады, олардың 5% - қауіпті мөлшерде. Соңғы жылдары жаһандандыру үрдісіне байланысты спирттік сусындардың қолжетімділігі елеулі өсті, бұл алкогольді пайдалану бағытын өзгертумен (көлемі мен сипатын) және спирттік сусындарды шамадан тыс пайдаланумен байланысты мәселенің өзекті болуына әкелді. Алкогольді пайдалану адам денсаулығына қауіп төндіретін негізгі факторлардың біріне айналды.
Қатерлі факторлардың таралуының жоғарылығы халықтың өз денсаулықтарына, өз отбасының және жанындағылардың денсаулығына жауапкершілік деңгейлерінің төмендігін білдіреді. Әр түрлі елдердің тәжрибелері мен халықаралық зерттеулердің деректері, алкогольді пайдалануды денсаулығы үшін қауіпті мөлшерден 10% төмендету, ерлер арасындағы өлімді 20%, бақытсыз жағдайлар өлімін 5% қысқартатындығын көрсетіп отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында алкогольді сатуды және пайдалануды реттейтін заңнамалық-нормативтік база бар: ҚР «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің, 159-бабы, (2009); ҚР «Әкімішілік құқық бұзу туралы» Кодексі (2001) - 2009 жылғы тамыздағы алкогольді сусындарды қоғамдық орындарда ішуге тыйым салу - толықтырулар мен өзгертулері - алкогольді кәмелетке толмағандарға сатқандығы үшін айыппұл санкцияларын 60 АЕК дейін көтеру; ҚР Үкіметінің № 731(2007) қаулысы - мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкогольді сусындарды сатуға тыйым салу.
Соңғы үш жылда Қазақстанда алкогольді пайдалану 9% төмендеген және қазіргі уақытта алкогольдің жұқпалы ауруларға шалдығудың қатерлі факторы ретінде таралу деңгейі республикада 35,8% құрайды. Алкогольді пайдаланудың төмендеуі Қазақстанда жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатпен байланысты: жасы 21 толмаған тұлғаларға спирттік сусындар сатуға, алкогольді сыртқы жарнамаларға және БАҚ-тарда жарнамалауға тыйым салу, сондай-ақ автокөлік құралдарын мас күйінде басқаратын жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Мелита Вуйнович: «Қазақстан оң саясат жүргізу, инновация және инвестицияны дұрыс бағыттау негізінде денсаулық сақтау жүйесін күшейтуде ілгерілеушілік танытты. Қоғамдық денсаулық сақтау реформалары қазірдің өзінде белгілі бір жақсы нәтижелер көрсетуде. Мысалы, біз елдегі өкпе ауруларының төмендегенін және алкогольді пайдаланудың төмендеуін көріп отырмыз», - деп мәлімдеді. Ол Қазақстанның тәжрибесі Еуропалық елдер үшін үлгі боларлық деп санайды. Бүгінгі таңда ДДҰ өзінің денсаулық сақтау стратегиясын барлық Еуропалық өңір үшін қарастыруда. Жаңа «Денсаулық сақтау стратегиясы 2020» кейбір елдердің сәтті жұмыстарын қарастырып отыр.
Қазақстанда 2007 жылдың 29 қазанынан алкогольден бас тартудың Ұлттық күні атап өтіледі. Республикамызда, сол сияқты әлемнің көптеген елдерінде алкогольді шамадан тыс пайдалану өлімнің, жұмысқа қабілеттілікті жоғалтудың негізгі себептерінің бірі болып табылады.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың іс-шаралары шегінде СӨСҚПҰО ұйымдастыру-әдістемелік басшылығымен 2012 жылдың 22 қазанынан республика өңірлерінде 31 қазан - Алкогольді пайдаланудан бас тартудың ұлттық күніне ұштасылған ішімдікті шамадан тыс пайдаланудың алдын алу бойынша он күндік өтеді.