Қазақстанда соңғы үш жылда сыйымдылығы 42 мың тонна болатын 10 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Соңғы үш жылда Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 42 мың тонна болатын көкөніс сақтайтын 10 қойма іске қосылды.

Қазақстанда соңғы үш жылда сыйымдылығы 42 мың тонна болатын 10 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды

Бұл туралы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту және бағаны тұрақтандыру мақсатында Қазақстанда кең ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Әдетте, халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі көтерілгенде, оны сақтау бойынша қисынды сұрақтар туындайды. Мол егін - азық-түлікке молынан кенелуге кепілдік бермейді, себебі, көп жағдайда егінді сақтайтын қоймалар болмайды.

Республикада азық-түлік кластерін құру мақсатында аграрлық қаржы институттары ірі қалалар, атап айтқанда, Астана мен Алматының айналасында азық-түлік белдеуін құруды көздейтін инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Жобалардың дені мемлекеттік аграрлық қаржы институттарымен іске асырылуда. Олардың арасында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ бар.

Астана мен Алматының айналасында азық-түлік белдеуін құру жобасы шеңберінде Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы Алматы облысында 13 мың тонна өнімді сақтауға арналған көкөніс қоймасын салды. «Корпорация Астананың азық-түлік белдеуін құру мақсатында халықтың сұранысына аса ие көкөніс дақылдары - картоп, сәбіз, қырыққабатты өсіретін мың жарым гектар жерді игеру жобасын да жүзеге асыруда. Онымен бірге, 10 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынуда», - делінген таратылған хабарламада.

Компанияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, соңғы үш жылда Қазақстанда барлығы 42 мың тонна өнімді сыйдыра алатын 10 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 8-і дайын болмақ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, сақталуы тиіс азық-түліктің барлық көлемінің 56 пайызы «жабылды».