Қазақстанда Сот әкімшілігі құрылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі болып қайта құрылмақ. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған тиісті органның «Сот әкімшілігінің кейбір мәселелері туралы» қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда Сот әкімшілігі құрылуы мүмкін

Құжатқа сай, Сот әкімшілігінің міндеттері:

- сот әкімшілігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және жетілдіру;

- сот төрелігін толық және тәуелсіз іске асыру үшін қажетті және тиісті жағдайлар жасау;

- сот жүйесі мен соттардың қызметін жетілдіруге бағытталған жүйелі реформаларды әзірлеу.

«Сот Әкімшілігі ҚР Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдау және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады», - делінген қаулыда.

Мұндай тәсіл сот төрағаларын әкімшілік функциялардан босатуға мүмкіндік береді. Яғни, енді судьялар корпусы тек сот төрелігін жүзеге асыру мәселелерімен ғана айналысады.

Сот әкімшілігіне заңнамада белгіленген тәртіптерге сәйкес уәкілеттік берілген болса, онда ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапын ұсынушы орған болуға құқылы.

«Дегенмен Сот әкімшілігіне кәсіпкерлік субъектілерімен оның өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады», - деп көрсетілген жаңа ұйымның тәрптіптерін айқындау құжатында.

Сондай-ақ, Сот әкімшілігі қызметкерлерінің жалақылары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің және ҚР Парламенті палаталары аппараттарының қызметкерлерімен теңестіріледі.

Сот әкімшілігін құру жұмыстары мен оған қажетті шараларды қабылдау Жоғарғы Сот пен Үкіметке жүктеледі. Бұл бағыттағы жұмыстар 3 ай мерзімде аяқталуы тиіс.