Қазақстанда сот жүйесінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялары стратегиясы қабылданады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2018-2021 жылдарға арналған сот жүйесінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларының стратегиясы қабылданады. Аталмыш стратегияға электрондық сот ісін жүргізу бойынша алдағы жобалар кіретін болады. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Козимджан Камилов бастаған судьялар делегациясының Шымкент қаласына ресми сапары барысында ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Шетелдік судьялардың Қазақстанға сапары аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ғимаратында Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмимен кездесу өтті. Әңгіме басында Қ.Мәми К.Камиловты Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтады. «Біздің алғашқы кездесуіміз Шымкент қаласында өтуде, бұл біз үшін, көрші және туысқандық елдер үшін өте маңызды», - деді Қ.Мәми.

Одан әрі Өзбекстан тарабы республикадағы сот жүйесінің жұмысымен және Елбасы бастамашылық еткен Ұлт Жоспарының шеңберіндегі сот реформасының негізгі жетістіктерімен таныстырылды. Енгізілген жаңашылдықтардың практикалық нәтижелеріне ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, сот сатыларын оңтайландыру нәтижесінде сот дауларын қараудың ең ұзақ мерзімі екі есеге қысқартылған болатын. Бүгінгі таңда азаматтық істердің көпшілігі тараптарды сотқа шақыруынсыз, жеңілдетілген өндіріс тәртібімен қарастырылады. Елдегі қылмыстық істердің төрттен бір бөлігі 10 тәулік мерзімге дейін жеңілдетілген процедура бойынша қарастырылады.

Сонымен қатар, Қ.Мәми бітімгерлік процедураларды және медиацияны енгізудің қазақстандық тәжірибесіне, Халықаралық Кеңестің қызметіне тоқталып өтті. Электрондық сот төрелігін жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ соттардың білім алуына және республиканың Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының қызметіне көңіл бөлінді.

Кездесу барысында өзбекстандық тарап соттарды реформалау және электрондық технологияларды енгізу бойынша Қазақстанда атқарылған жұмыстарға қызығушылық танытты.

Кездесу соңында Қазақстанның Жоғарғы Сот төрағасы үстіміздегі жылы Ташкент қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше елдер Жоғарғы сот төрағаларының кезекті Кеңесінің барысында екі елдің жоғарғы соттары арасындағы меморандумға қол қою ұсынысын білдірді. Аталмыш құжат Қазақстан мен Өзбекстан сот органдары қарым-қатынасының басты бағыттары мен формаларын белгілейді.

Кездесу аяқталғаннан кейін шетелдік делегация Қ.Мәмидің төрағалығымен өткен өңірлердің бейне-конференциясына қатысты. Оның тақырыбы «Электрондық сот төрелігінің өзекті мәселелері». БКБ шеңберінде Жамбыл облысындағы «Электрондық қылмыстық іс» пилоттық жобасын өткізу мәселесі, Батыс Қазақстан облысындағы бұйрықтық өндірістегі істерді электрондық түрде қарастыру практикасы, сондай-ақ басқа да бірқаратар пилоттық жобалар талқыланды. Сонымен қатар, енгізулерді қорытындылап, «Талдау» форумын одан әрі дамыту бойынша, аудиобейнежазбалар жүйесін қолдану, оның ішінде ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару комитетінің ұйымдарымен бейнеконференция байланысын қолдану бойынша тапсырмалар берілді. «Төрелік»  автоматтандырылған ақпараттық-сарапатамалық жүйесін әрі қарай дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Шара аясында Жоғарғы Сот төрағасы жақын арада 2018-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы сот жүйесінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларының стратегиясы қабылданатынын атап өтті. Аталмыш стратегияға электрондық сот ісін жүргізу бойынша алдағы жобалар кіретін болады.

Соңғы жаңалықтар
telegram