Қазақстанда сотқа жүгінетін инвесторлар көбейген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі жылдың ішінде сотқа түскен инвестициялық даулардың 20 пайызы инвесторлардың пайдасына шешілді. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы соты мамандандырылған сот алқасының судьясы Жанна Ермағамбетова айтты.
Оның айтуынша, ҚР Жоғарғы сотының жанында инвестициялық даулар жөніндегі жеке сот өндірісі құрылған. Бұл сот тәжірибесі құрылған кезде еліміздің инвестициялық дауларды шешуге бағытталған заңнамасы жетілдірілмеген еді. Соған байланысты ҚР Жоғарғы сот тарапынан инвесторлардың соттылығы, мәртебесі, инвестиция, инвестициялық қызмет ұғымдарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Бұл түсіндірулер нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Соған сәйкес ұсыныс сипатына ие. Сондықтан нормативтік қаулы жобасын әзірлеу және инвестициялық заңнаманы жетілдіру шараларын дайындау мақсатында 2 жылдың ішінде, 2016-2017 жылдары инвестициялық дауларды қарау бойынша сот тәжірибесін байыту жұмыстарын жүргіздік», - деді ол.
Осы орайда судья аталған жұмыстардың нәтижелеріне де жан-жақты тоқталып өтті.
«Соттарға түсетін инвестициялық қуынымдардың саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2016 жылы 69 дау болса, 2017 жылы 116-ға жетіп, 61 пайызға артқан. Оның ішінде 76 пайыз қуынымға инвесторлар бастамашалық жасаған. Бұл мұндай сот өндірісі түрін жүргізу мақсатқа сай екендігін көрсетеді. Іс жүзінде 88, яғни келіп түскен жалпы қуынымдардың 48,5 пайызы қаралды. Оның ішінде 17-сі немесе 19,3 пайызы инвесторлардың пайдасына шешілді. 12,5 млрд теңге инвесторлардың пайдасына өндірілді», - деді Жанна Ермағамбетова.
Айта кетейік, Астанада ҚР Жоғарғы соты жанындағы халықаралық кеңестің «ҚР-дағы инвестициялық даулардың қаралуы. Тәжірибе мен перспективалар» атты дөңгелек үстел отырысы өтуде. Шараның мақсаты - инвестициялық істердің соттылығы бойынша Қазақстанда жинақталған тәжірибені талқылау, инвестициялық даулар бойынша жекелеген нормаларды заңнамалық реттеуді одан ары түзетуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу.
Фото: vbryanske.com