Қазақстанда сотталғандардың цифрлық активтерін сақтау нысаны айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк сотталған Қазақстан азаматтарынан тәркіленген цифрлық активтерді сақтайтын инфрақұрылымды айқындады.

р
Фото: freepik

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл активтерді Ұлттық стратегиялық крипторезервке аудару жоспарланған.

- Сотталған адамдардың біразында қомақты цифрлық активі бар. Қазір олар шетелдегі әмияндарда сақтаулы тұр және техникалық жағынан қорғалмаған. Ал құқық қорғау органдарында мұндай активтерді басқаруға өкілеттігі жоқ. Сондықтан бұл активтер кейіннен криптоқорға аударылады деген шешім жасалды, - деді Т. Сүлейменов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, активтерді сақтау инфрақұрылымы дайын тұр, яғни оны Ұлттық инвестициялық корпорация мен орталық депозитарий базасында дайындаған.

- Ең бастысы, мұндай активтер біздің құзыретімізде болады және үшінші елдердің таласуынан қорғалады, - деді ҰБ басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Ұлттық крипторезервке 700 млн долларға дейін инвестиция салады.