Қазақстанда соттарды қаржыландырудың жаңа моделі белгіленбек
«Бұл Конституциялық заң жобасын сот жүйесін жетілдіру жөніндегі тәсілдерді іске асыру мақсатында бір топ Парламент депутаттары даярлады. Ұсынылған заңнамалық өзгерістер судьялар корпусының кәсібилігін және жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған. Заң жобасы сот кадрларын іріктеу мен судьялардың кәсіби қызметін бағалау тетіктерін жетілдіруге, судьяларды жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімін көбейтуге, сондай-ақ соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеуге мүмкіндік береді», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы
Снежанна Имашева.
Сонымен қатар палата депуттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да қарайды.
«Ұсынылған өзгерістер әкімшілік заңнаманы жетілдіруді, сот ісін жүргізуге ІТ-сервистерді ендіруді, сот кадрларын іріктеу мәселелерін, сондай-ақ сот жүйесін қаржыландырудың жаңа тәртібін енгізуді көздейді», - деді С. Имашева.