Қазақстанда спортпен шұғылданатын азаматтар саны ел халқының 21,6 пайызын құрайды - Үкімет сағаты

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов осылай мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, дене шынықтыру мен спорт саласындағы басым бағыттардың бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуын қамтамасыз ету. Бұл ретте бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау аса маңызды.
«Бүгінгі таңда халқының 70 пайызы спортпен шұғылданатын әлемдегі жалғыз ел -Финляндия. Бұл мемлекеттің мектептерінде дене тәрбиесінен аптасына бес сағатқа дейін міндетті түрде сабақтар өтеді. Польшаның Сеймі күн сайынғы дене шынықтыру сабақтарын мектептің бағдарламасына енгізу туралы заң қабылданды. Ал АҚШ Сенаты бастауыш мектептің оқу жоспарына күн сайын өтетін дене шынықтыру сабағын енгізген», дейді Е. Қожағапанов.
Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2020 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың санын 30 пайызға жеткізу, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер санын 15 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген болатын. «2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бұл көрсеткіш 21,6 пайызды құрап отыр», дейді Е. Қожағапанов.