Қазақстанда спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың саны 20 пайызға жеткен жоқ
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанда спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың санын 30 пайыздан астам көрсеткішке жеткізу шарт.
Бұл туралы бүгін Астанада бұқаралық дене шынықтыру мен спорт мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде Қазақстанда халықтың 16 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Атап айтқанда спортпен шұғылданатындардың көрсеткішін екі есеге асыру қажет. Бұл мақсатқа бірлескен шаралар арқылы және орталық, жергілікті органдардың белсенді жұмыстары арқылы тиісті институттармен ынтымақтастықта ғана қол жеткізуге болады», деді комитет басшысы. Е. Қанағатовтың сөзіне қарағанда, бұқаралық спортты дамыту бойынша үкіметтік іс-қимыл жоспары әзірленген және ол қазіргі кезде министрліктер мен жергілікті атқару органдарында қаралуда.
«ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында бұқаралық дене шынықтыр мен жоғары жетістіктер спортының теориясы мен тәжірибесі: үрдістері, проблемалары, болашағы» атты конференцияның барысында еліміздің және Ресей, Беларус мемлекеттерінен келген мамандар тәжірибелік сабақтар өткізіп, «Спорт психологиясы», «Спортшыларды даярлау әдістемесі», «Балалар мен халық арасында бұқаралық спортты дамыту және зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыптарындағы мәселелерді талқыламақ.