Қазақстанда стартап-экожүйесі қалай дамуда

Tech Nation UK халықаралық консалтинг басшысы Стефан Кюстердің айтуынша, қазақстандық стартап-экожүйесі қарқынды түрде дамып келеді.
«Қазір әлемде барлығы өте қарқынды түрде дамып келеді, біз сол трендтерді жылдам меңгеруіміз керек. Жас қазақстандық әзірлеушілерге халықаралық тәжірибелі жетекшілердің көмегі қажет. Олар барлық жобаларды идеядан бастап дайын стартапқа дейін оқытып, дұрыс бағыт беруге көмектеседі. Осы орайда, Astana Hub заманауи технологиялар мен әлем бойынша дарынды мамандарды біріктіретін басты орталық болып саналады. Мен бұл форум жас IT-мамандары мен ірі компаниялар, сондай-ақ үкіметтің басын біріктіріп, цифрлық және инновациялық шешім шығаруға өз септігін тигізетіндігіне сенімдімін», - деді Стефан Кюстер.
«Astana Hub» халықаралық IT-стартаптардың технопаркі» кеңесшісі Джозеф Циглердің айтуынша, Қазақстанға көптеген танымал әлемдік IT компаниялармен серіктестік орнату қажет.
«Өзге де корпорациялармен серіктестік орнату жаңа бастап жатқан стартаперлерге дұрыс бағытта дамуға көмектеседі. Ол үшін біз АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Силиконды алқапта» орналасқан компаниялармен байланыс орнатқанымыз жөн. Бұл форум қазақстандық стартап-экожүйесін дамытып, өзге де шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға көмектеседі деп ойлаймын», - деді Джозеф Циглер.
Сонымен қатар, спикер кибершабуыл қауіпсіздігіне аса көңіл бөлу керектігін ескере кетті.
«Ол қазіргі таңда барлық дамыған елдердің күресіп жатқан проблемасы. Бұл жерде киберқауіптен сақтанатын жетілдірілген технологиялар қажет», - деді ол.
Айта кету керек, 1 ақпан күні Алматыда Еуразияның инновациялық экожүйесіне арналған «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» форумы өтеді. ЕАЭО үкіметі жалпы цифрландыру мәселесін талқыға салады. Форум ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі.
Еламан Тұрысбеков