Қазақстанда стартаптарға қолдау көрсететін венчурлік инвестициялар қоры құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда таланттар мен стартаптарға қолдау көрсететін венчурлік инвестициялар қоры құрылып жатыр. Қордың нысаналы көлемі 1 млрд долларға дейін жетеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.

− 2021 жылдан бастап біз 114 мыңнан астам IT-маманды оқыттық, оның 33 мыңнан астамына былтыр білім бердік. Жоғары оқу орындары мен колледждердегі IT-білімге қосымша TechOrda бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама қысқа мерзімде жəне сұранысқа ие бағыттар бойынша 20 мың IT-маман даярлауға мүмкіндік береді. TechOrda түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 20%-ға жуық, - деді министр Үкімет отырысында.
Министрлік стартаптар үшін кремний алқабынан жетекші даму бағдарламаларын тартқан. Бұл Google for Startups, Plug & Play, Draper University жəне Alchemist сияқты үздік бағдарламалар. Осы арқылы стартаптар инвестицияларға, білім мен мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.
− 70-ке жуық стартап даму бағдарламалары бойынша қолдау алды, 30 миллион доллардан астам инвестиция тартылды. Сонымен қатар, Қазақстан IT-хабтардың халықаралық желісін құруда. АҚШ, Сауд Арабиясы, Сингапур жəне жақында Ұлыбританияда IT хабтар ашылды. Қазақстандық стартаптарға инвестициялар тарту жəне экспортқа шығу үшін шетелдік инфрақұрылым қолжетімді, − дейді Ж. Мәдиев.
Мұндай стартаптар үшін өсудің негізгі факторы ол жеткілікті венчурлық капиталдың болуы.
− Біз «Астана» Халықаралық қаржы орталығы» юрисдикциясында, Astana Hub базасында венчурлік инвестициялар қорын іске қосып жатырмыз. Қордың нысаналы көлемі 1 млрд долларды құрайды. Қазірдің өзінде инвесторлардан 130 миллион долларға алдын-ала өтінімдер жиналды. Бұл қордың ерекшелігі – ол негізінен жеке капитал есебінен қалыптасады. Қор өңірден келген таланттар мен стартаптар үшін магнитке, шетелдік инвестицияларды тартудағы негізгі əріптеске жəне Қазақстанға технологиялар трансфері үшін құралға айналады, − деді министр.
Бұған дейін Қазақстанда жаңа мобильді оператор пайда болуы мүмкін екені хабарланған еді.
Сондай-ақ, Astana Hub резиденттері 90-нан астам елге IT-қызмет экспорттаған.