Қазақстанда статистикалық деректер арнайы онлайн алаңда талқыланады - Дәленов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда статистикалық деректерді есептеу әдістемесін талқылау үшін онлайн алаң құрылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда статистикалық деректер арнайы онлайн алаңда талқыланады - Дәленов

«Жарияланған 3.0 Жаңғырту жаңа жоғары технологиялық саланы, барлық жерде инновацияларды қолдануды білдіреді. Цифрлық экономика дамиды, бұл жаһандық тренд. Және «жаңа экономика» статистиканы айналып өтпеуі тиіс. Сондықтан біз әдістемені заманауи халықаралық тәжірибе негізінде жетілдірудеміз. Сонымен қатар статистика сайтында жаңа «3.0 Жаңғырту» бөлімін ашамыз. Статистика Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын есептейтін болады», - деді Дәленов.

Ол статистиканың ағымдағы жұмыстары да қайта жаңартылатынын, статистика сайтындағы барлық әдістемелер көрсеткіштердің қалай есептелетінін мысалдар арқылы ашып көрсететін болатындығын баса айтты. Бұл үшін көрнекілік толық есеппен арнайы айдар ашылады, бұл арқылы сенімділік пен кері байланыс арттырылады.

«Біз статистиканың әдістемесін жетілдіру үшін онлайн алаңы арқылы жаңа қарым-қатынас форматын дамытуға дайынбыз. Журналистерді, экономистерді, қоғамды, азаматтарды талқылауларға белсенді қатысуға шақырамыз», - деді вице-министр.

Сонымен қатар Руслан Дәленов статистика сайтында қызықты айдарлар пайда болатындығын, сайт жаңартылып, мобильдік қосымшасы жасалатындығын атап өтті.